Біз нені ескермедік?
Біз нені ескермедік?

Университеттің 3-курсында оқып жүргенде қаламыздағы мектептердің біріне педагогикалық практикаға баратын болдық. Барамыз деп естіп алғаннан кейін сансыз қиялға берілдік те кеттік. Мен мектепке барғанда: "Балаларды бір шыбықпен айдаймын. Шулап көрсін сабағымда... "; "Қазіргі жастар өз тілінде сөйлеуге арланады. Осыларға тілді сүюді қалай үйретсем екен?"; "Тəрбие керек. Тəрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы."; "Қазақ тілі мен əдебиетін бір жақсылап оқытсам, ə! Басқасы басқа, бірақ осы сабақтарды беріліп оқитындай қылсам..." деген сынды ойлар əрқайсымыздың санамызды жаулап алған еді. Ой қуалап жүргенде мектепке де бардық, оқушылармен де таныстық. Жоғарғы сынып оқушыларын көріп төбе шашымыз тік тұрды. "Басқасын қойшы, əйтеуір, осыларға сабақ бермесем екен. Төменгі сынып оқушылары тəрбиелі, инабатты, оқуға құштар келеді. Соларға сабақ берсем, шіркін!" - деп тіледік те сол кезде. 

Үлкендерінен үрейленіп, кішілеріне жымия қарап жүріп үшінші сабақтан соң нəр татпаққа асханаға беттедік. Кіре бергеніміз сол еді, асхананың іші бастауыш сынып бүлдіршіндеріне толы екен. Мемлекет оларға тегін ас беруді қарастырыпты. "Қарындары тоқ. Бəрі бірдей тамақ ішіп отыр. Сірə, оқулары жақсы шығар. "Ерім" деп елі өсіріп отырған ел ертеңін жалғастырушылар осылар емес пе?" - деп ойлап, бейкүнə жүздерге қарап тұрғанымда бір оқушы əлденені теуіп жіберіп, сықылықтап күліп жатты. Бəтеңкеме киви жемісі домалап келіп, бөгетті бұзып өте алмаған шарасыз халде үнсіз аялдай берді. 

"Бір қиқым нанның қадірін білген қайран қазағым-ай. Ұрпағың қайда барады? Болашақтың дəнін себуде нені ескермей жүрміз?" - деп үнсіз жер шұқып тұрып қалдым.

ұрпақ, Тəрбие, Оқыту
Мейрамгүл ҚашқымбекМейрамгүл Қашқымбек
2 жыл бұрын 537
1 пікір
Блог туралы