Адам болам десеңіз...
Адам болам десеңіз...

Биссмилляхи Рахмани Рахим!

      Адам баласы жаратылысынан бері көкейінде дамыл таптырмай мазалап, өмірінің соңына дейін айықпас дерттей жабысқан бір сұрақпен арпалысып келеді. Жаратылысының мәні мен мақсатын дәлдеп айқындай алмаған адамзат баласы осынау сауалдарының жауабын сонау ықылым замандардан бері іздеу үстінде. Солардың қатарында даламыздың данасы Шәкәрім де ой толғап, отыз жыл өмірін арнаған «Үш анық» еңбегінде күрмеуі шешілместей болған сұрақтардың жауабын ақыл танитындай етіп дәлелді сөздерімен қадап танытқан. Ол аталмыш еңбегінде: «Тіршілік туралы адам арасында көптен бері айтылып келе жатқан екі түрлі жол бар. Бірі, дене өлсе де, жан жоғалмайды, өлгеннен соң да бұл тіршілікке, тіпті, ұқсамайтын бір түрлі өмір бар. Сондықтан жалғыз ғана дүние тіршілігінің қамын ойламай, сол соңғы өмірде жақсы болудың қамын қылу керек дейді. Мұны ақирет — өлгеннен соңғы өмір жолы дейді. Енді бірі, бұл әлемдегі барлық нәрсенің бәрі өздігінен жаралып жатыр, оны былай қылайын деп жаратқан иесі жоқ, һәм өлген соң тірілетін жан жоқ дейді. Менің ойымша, осы екі жолдың қайсысы анық екенін табу ақылы сау адамға қатты міндет» [1. 7], – дей келе сөз соңында: «Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірді де жақсылықпен өмір сүргізетін жалғыз жол осы мұсылман жолы сияқты. Кейбір діншілдерді қорлыққа түсіріп жүрген шатақ дін мен жалғандық. Әйтпесе Жаратушыда білім бар, өлген coң да бір түрлі жан тіршілігі бар! Жанның екі өмірде де азығы: ұждан (совесть) деумен ешкім де еш нәрседен кемдік көрмейді. Тіпті, бұл жоғарылаудың eң зор жәрдемі. Үш анық дегенім міне осы...» [1. 34] – деп түйіндейді.

Ақиқатында бар сауалдың жауабы Құран Кәрімде айқын берілгеніне көзіміз жетті. Қасиетті кітабымыз Құранда Алла Тағала: «Мен жындар мен адам баласын «тек қана (мені танып), маған ғибадат етсін» деп жараттым» («Зарият» сүресі, 56 аят), – делінеді. Осыдан келіп жаратылысымыздың мәні құлшылықтан мақсатымыздың да шығатыны, яғни Алла Тағаланың разылығы үшін өмірімізді құлшылықпен өткізуіміз қажет екені айқындалады. Құлшылылық дегеніміз дінімізде аталатын бес парызбен шектелмейді. Ол – ауқымы кең дүние. Құлшылық – адам баласының Хақты танып, Оған мойынсұнып, Алла сүйетін, разы болатын істерді Оның разылығы үшін жария немесе жасырын орындауы.

Бұл турасында Абай хакім «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде:

Руза, намаз, зекет, хаж — талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті

Қылғанменен татымды бермес жеміс [3. 304], –

деп түйеді. «Осы жердегі «бастапқы үш» дегеніміз «имани гүл» ұғымына келіп саяды. М.Әуезов Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңіндегі мораль философиясына соғатын үш сүю (имани гүл) деп аталатын ақын танымының мағынасы терең өзекті желілеріне айрықша назар аударады. Абай айтқан үш сүю жайлы ой байламдарын анықтау арқылы ішкі нанымы, танымы түгелге жуық ашылып, өз көрінісін бере алған деп қарайды. Себебі, осы өлеңдегі үш сүюде алға қойылған бастапқы пікір:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» [3. 304], –

деп жаратушы түп иесін жаралған пендесінің махаббатпен сүюі қажет дейтін бірінші сүюді көреміз.
Екінші сүю – ақын шығармаларында желілі түрде таратылатын басты ой желісі «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» айдар тағып, ерекше бөліп көрсетуінде жатыр. 
Үшінші сүю – «Және сүй хақ жолы деп әділетті» деп 38-сөзінде Алланың бойындағы 8 сипаттан құдірет пен ғылымды біріктіріп алатын ғақылға (ақылға) Абай нақылия, ғақлия дәлелдерге сүйене отырып ұсынатын ғәділетке (әділетке) ерекше мән беретін үшінші сүюді көреміз» [4. 104-105]. Аңдағанымыздай, Абай құлшылықтың шарты ретінде имани гүлді көрсетіп, ең алдымен адам жүрегінде осы үш сүю болу керектігін ұғындырады.

Бастапқы жолдарға назар салсақ, Абай «жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс», – деу арқылы құлшыллыққа ықтияттылық пен үш сүюді толық қамтысаң жақсы боларыңды меңзеп, салмақты «жақсы» сөзіне артады. Жақсылыққа жанымыз құмар болып, жақсы адам атануға қанша ұмтылғанымызбен, «жақсы» сөзінің мағынасын, жақсы адамның кім екендігін, оның сипатының қандай болмағын өзімізше саралап келеміз. Абай әр нәрсенің себебін іздейтін хакім болғандықтан, ақиқатты ақыл көзімен көруге тырысқандықтан да жоғарыда «жақсы» сөзінің астарын ұғынып айтты. Абайға көңіл бөлмес бұрын алдымен ғалым, ойшылдарымыздың жақсы адам жайлы ойларын қарастыруды жөн көріп отырмыз. Философия ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Ғабитов «Қазақ этикасының категориялары мен ұстындары» еңбегінде: «Жақсы адам – рухани бай адам», – деп, ойын Қ.Жарықбаев сөздерімен жалғастырады: «Осындай мұрат тұтатын адам туралы қазақтанушы Қ. Жарықбаев ойларын былай түйіндейді: "Ақылды адам өзіндік ойы, өзіндік мақсаты, өзіндік бағыты бар, кез келгеннің жетегіне еріп кетпейді. Салқынқандылық, тұрақтылық, мінезділік – адамға ауадай қажет. "Қайда жүрсең де өзіңді тізгіндеп ұста", "Адам болу үшін ерлікпен қатар ақкөңілділік те керек", "Байсалдылық – ізгі қасиет". Адамның осындай жақсы қасиеттерін тізбектей келе, жұртты жаман мінез, жат қылықтан жирендіреді. ("Сараңның жұрт түгілі өзіне де дәрмені жетпейді", "Топасқа қылығы да қырсық болып жабысады", "Ұятсыздан үйдей пәле шығады"). Адамға төмендегідей қылықтар, атап айтқанда – өтірік айтып, дандайсу, ішкілікке салыну, нәпсіге құмарту, іштарлық, күншілдік пен бас араздық, бұзық жолға түсу, босқа күйіп-пісіп, ашушаң болу, адамның өзін-өзі ұстай алмауы және тағы басқалары еш уақытта опа бермейді. Ақылды адам бұларды бойына дарытпау үшін ылғи қам жеп, сақ жүреді. Жақсы адам ылғи да жеке басымен қоса, отбасының да берекесін ойлап жүреді. Бақытты болу, асыл мұратқа жету жақсы қасиеттерсіз жүзеге аспайды» [5. 279-280], – дейді де, жақсы болмақтың басы етіп ақылды қояды.

Психология бойынша энциклопедиялық сөздікте: «Мұсылман халықтарында «адал, арам» ұғымдарына өте зор мән беріледі. Алғашқысы «жақсы адам» дегенді білдірсе, соңғысы «жаман, оңбаған адам» дегенді ұқтырады. Адал – ешкімнің ақысын жеп, ала жібін аттамай, өз еңбегімен дүние жинап, күн көріп жатқан, ғайбат сөйлемейтін, кісіге қиянат қылмайтын жан; арам – дүние-малы еңбексіз; ұрлық-қарлық, қулық-сұмдық, алдау-арбаудан жиналған, сонымен күн көріп жатқан екіжүзді, обал-сауаппен санаспайтын, жымысқы адам» [6. 15] , – деп, жақсы адамды тікелей исламдағы адал ұғымымен байланыстырады. Сөйте келе адал адамды - жақсы адам, арамды - жымысқы адам деген тұжырым жасайды.

Ал Есім Ғарифолла «Жақсы адам кім?» деген сауалға Абайдың 38-сөзі арқылы жауап береді. Ол: «Адамның Хауас сәлим, яғни жақсы адам атануы үшін алты шарт қажет, олар: жақсы тән саулығы, жақсы туыс, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаз. Міне, жақсы адам болу үшін қажетті шарттар. Бұл – жақсылықтың өлшемдері, ал енді Шәкәрім қойған сауал «Ең жақсы адам не қылған кісі?» дегенге келсек, оған жауапты тағы да Абайдың өзінен табамыз. Абай айтады, жоғарыда айтылған қасиеттері болған соң, оның «аты адам болады», яғни жақсы адам атанады, бірақ ол қандай істермен жақсы атанбақ, олар: «Алла Тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық...» Жақсы адамның алдында үнемі осындай үш мәселе болмақ, солардың нәтижесінде оның адамдығы айқындалмақ, яғни жақсы адам атанбақ»,- деп, жақсы адам атануға ең алдымен таным, яғни ақылмен тану керектігін нұсқайды. Таным дегеніміздің өзі тікелей ғылымға негізделеді. Ғылым туралы ой айтқанда да Абай: «Ғылым — Алланың бір сипаты, ол — хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр» [7. 281], - деген. Асылында адамдағы рахымның орны жүрек болғанымен, жүрекке ақ-қараны ажыратпақ үшін ақылға жүгінбек қажет. Сондықтан адамшылық жолында жүрекпен біте қайнасқан нұрлы ақылдың болуы шарт. Ақыл Хақты танып, жүрекке мойынсұнуымен нұрлы аталады. Әбсаттар қажы Дербісәлі «Шәкәрім және ислам мәдениеті» мақаласында: «Ең жақсы адам - әрдайым бойындағы жаман қылықты көре білген, мойындай алған парасатты тұлға. Қате қылықтарымен үнемі күресіп, олардың орнын кемел қасиеттермен айырбастай білген адам. Өзі үшін емес, көбірек өзге үшін ғұмыр кешкен жан. Қысқасы, ең жақсы адам - әрбір ісінде Жаратқанның ризашылығына жетуді мақсат еткен, кемел адам хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызды үлгі тұтқан рухы биік, талабы озық пенде» [8. 5],- деген екен. Демек, жақсы адамның шартты түрде көздегені Алланың разылығы болып, пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с.) үлгі тұтқаны дұрыс. Автор өз танымында жақсы адамды рухы биік, талабы озық пенде деп біледі де, оның өзегі мұсылманшылық екенін айтады. Ал Хакім Абай Алла Тағаланы тану жолында, Алла жолында жүрген адамды таза мұсылман, толық адам дейді. Оған дәлел Абайдың 38-сөзіндегі жолдар: «Құдай тағаланың жолы деген жол Алла Тағаланың өзіндей ниһаятсыз болады. Оның ниһаятына eшкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делінеді» [9. 95]. Адамның діттегені Алланың разылығы болуы үшін адам баласына ең алдымен Жаратқанға деген махаббат, соқыр махаббат емес, якини иманнан бастау алған махаббат керек. Шексізді шектеулі ақылмен толық тани алмағанымызбен, ақылдың жеткенінше тануға ұмтылсақ, жүрегімізде иман шуағына малынған Хаққа деген шынайы махаббаттың орын алары, адамзаттың сол махаббат арқылы Раббының разылығын көксейтіні – сөзсіз. Шәкәрім «Үш анығында»: « Руссо деген атақты поэт (ақын) айтқанмен, басында адам тәңірінің барлығына нанбаса да, толықтыққа жетеді деп ойлаушы едім. Аяғында онымның бекер ой екендігін білдім. Тәңірінің барлығына ақылымен әбден нанбай тұрып, адам толықтыққа жете алмайды деген зор философ Биранжие» [1. 14-15],- деп, ақылмен айтылған сөзді жан туралы пайымдауларына мысал еткен. Нақ осы сөз алдыңғы екі ойды қуаттап тұрғандай. Шындығында да адам баласының жақсы болмағы, толық болмағы Хақты сезген жүректің ақылға арқа сүйеп, Хақты тануға, хикметін сезуге ұмтылған ақылдың жүрекке мойынсұнуымен астасып жатады.

Жан Жаратушыдан келгендіктен Хаққа жақын, жақсылықты құмартады. Себебінің өзі себеп болған Жаратушыда жатыр. Алла Тағала өзі қандай шексіз көркем болса, жаратылыстардың асылы адамға да сол көркемдікті белгілі бір аяда берген. Бұл ой Нағима Байтенова, Айна Қабылова, Айша Ромашевлардың бірігіп жазған «Шығыс философиясындағы кемелденген адам мәселесінде»: «Ортағасырлық шығыс мұсылман философиясының ірі өкілдерінің бірі әл - Ғазалидің пікірі бойынша, Құранда айтылғандай, адам Алланың көшірмесі, Оның көмескі бейнесі. Адам да Алла сияқты көреді, естиді... Абайдың "Қара сөздерінің" 38-сөзінде де осы жайлы айтылады: "... Алла Тағалаға ұқсай алам ба деп, надандық бір ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ - дәл бірдейлік дағуасы бір емес, соның соңында болмақ. Оның үшін Алла Тағаланың сипаттары: "Хаят (тіршілік), Ғылым, Құдірет (күш), Басар (көру), Сәміғ (есту), Ирада (тілеу, қалау), Кәләм (сөздер), Тәкин (болу)» [10. 169],- дегенінде дұрыс ой жатыр. Адам жаны осынау көркемдікті, игі қасиеттерді сақтап қалу үшін де өмір бойы күресумен өтеді. Бастауын Әл-Фарабидің «парасатты адамынан» алған Жәуанмәртілік, Хәл ілімдерінің жалғасы болған Абайдың «Толық адам» ілімінің де көксегені – адамгершілік.

«Абай шығармаларында жиі ұшырасатын: «адам болу», «жарым адам», «толық адам», «адамшылық», «адамдық», «адамның адамдығы», «адамшылығының кәмалат таппағы», «бенделіктің кәмалаты», «толық инсаният» т.б. терминдік терең мәні бар сөздер мен күрделі ұғымдардың бәрі де өзінің арнасы жағынан шығыс пен батыс ойшылдарының еңбектерінде көп сөз болған «камили инсани» мәселесімен іліктес жатқан дүниелер.... Ұлы ақын жас ұрпақтың адам болу талабының тұңғыш қадамы неден басталу керек деген сұраққа: «Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады», - деп жауап береді... Баланың адам болуға ұмтылған алғашқы адымының негізін бұзатын, яғни, қазақ болмысында оның адамдық қасиетінің толық қалыптасуына зардабын тигізетін нәрсе – бала өскен әлеуметтік орта. Бала соның әсерінен қиянатшыл болады деп қараған.

Осы себептерді еске алатындықтан да: «... қиянатшыл балалар талапқа да, ғылымға да, ұстазға да... қиянатпен болады. Бұл қиянатшылдар – жарым адам... Олардың адамшылығының кәмеләт таппағы қиынның қиыны» болып, тәлім-тәрбиенің ырқына көнбей шырық бұза береді...

Бірақ Абай шығармаларын зерлей ойланып оқымаған кісі ақынның адам болу туралы ойларында кездесетін бенделіктің кәмалаттығы мен инсанияттың кәмалаттығы деген ұғымдардың мәніне, табиғатына жіті, ажырата қарамаудан, оларды бір мағынада танып қалуы мүмкін. Мұнда қолданылып отырған «бенде» немесе «пенде» сөзі діни ұғымдағы «құдайдың құлы» деген ұғымда алынса, «инсан» сөзі өмірдің гүлі – адам деген гуманистік мәнде беріледі де, жалпы шығыс классиктерінде көп сөз болған камили инсани туралы таныммен сабақтас алынған бұл ұғым Абайда негізінен толық адам деген атпен таратылып отырады...

Абайдың өзі толық адам туралы ойларының негізін осы жәуанмәртілікпен ұштастыра қарайтындықтан: «Белгілі жәуанмәртілік үш хаслат бірлан болар деген: сиддиқ, кәрәм, ғақыл. Бұл үшідан сиддиқ-ғадалат болар. Кәрам шафағат болар, ғақын-мағлұм дур ғылымның бір аты екендігі... Сенде бұл ғылым, рахым, ғадалат үш сипатпен сипаттанбақ; ижтиһадің шарт еттің, ... толық инсаниятың бар болады», - деген пікірін ашық айтады. Адам болудың бұл үш сипаты: ғылым (ақыл), рахым (шафағат), әділет (ғадалат) тәрізді қасиеттерді жас ұрпақтың бойына толық дамытқанда ғана оның аты – Абай сөзімен айтсақ толық инсанияты бар немесе камили инсани бола алмақ» [11. 11-14], - деп Мекемтас Мырзахметов Абайдағы «адам» ұғымына байланысты терең мәнді ұғымдардың ара-жігін ашып береді.

Жоғарыда аталған Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңіндегі жолдар Құран Кәрімдегі: «Күдіксіз сондай иман келтіріп, түзу іс істегендер; міне солар, жаратылғандардың жақсысы» («Бәййіна» сүресі, 7 аят),- деген аятынан нәр алып, Алланың осы бір сөзін түсіндіріп тұрғандай. Абай: «Жақсы болсаң жақсы тұт бәрін тегіс», - дейді де, артынан «Бастапқы үшін бекітпей соңғы төртті, Қылғанменен татымды бермес жеміс», - деп, адам әуелі имани гүлмен жүрегін нұрландырса ғана ғибадаттарының толық, жемісті болатынын дәл айтады. «Қасиетті Құран Кәрімнің көптеген аяттарында «иман келтіріп, ізгі амал жасағандар» деп ретімен айтылса, хадис шәріптердің бірінде Исламның бес негізден құралатынын, олардың көш басында Аллаға және пайғамбарға иман ету тұратыны айтылған. Байқап қарасақ, аятта да, хадисте де алдымен иман, содан соң өзге жақсы істер аталған» [12. 29]. Абайда айтылған «істің басы – ретін танымақтық» та осыны қуаттайды. Меніңше, Абайдағы толық адам ұғымынан жоғарыдағы «жақсы» дегені алыс жатқан дүние емес.

Абай «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңінде:

«Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», -

деп толық адамға тән үш шартты атап көрсетеді. Адам дүниеге келгенінде толық

болып келмейді, тек толықтыққа жетелейтін қасиеттермен келеді де, толық болмағы шафағат етпек жүректің, ақ-қараны ажырататын ақылдың, нәпсіңе бой алдырмай, ізгі амалдар жасататын қайраттың тұтасып, кемелденуімен болады. Оған дәлел Абайдың 38-сөзінде: «Белгілі жәуанмәртлік үш хаслат бірлән болар деген, сиддиқ, кәрәм, ғақыл — бұл үшеуінен сиддиқ ғадаләт болар, кәрәм шафағат болар. Ғақыл мағалұм дүр, ғылымның бір аты екендігі. Бұлар әр адамның бойыңда Алла табарака уатағала тәхмин бар кылып жаратқан. Бірақ оған рәуаж беріп гүлдендірмек, бәлки, адам өз халінше кәмәлатқа жеткізбек жәһәтінде болмақ. Бұлар — өз иждиһадің бірлән ниет халис бірлән ізденсең ғана берілетін нәрселер, болмаса жоқ» [9. 86], - деп ой түюі. Абай шығармаларының көбінде осы үшеуінің тұтасуынан болатын толық адамның шартты негізі кездеседі.

Талап, еңбек, терең ой, 
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз, -

деген жолдардан да жоғарыдағы ұғымдарды аңғарамыз. Қайраттан шығатын талап пен еңбек, ақыл жемісі терең ой, жүректің асылы рахым мен қанағат барлығын тұтастырып, толық адамды құрайтын қасиеттерді санамалап, шартты түрде толықтыққа жетудің негізі етуі бекер емес. Адам бойындағы барлық жақсы, игі қасиеттер Абай атаған ақыл, қайрат, жүректен қайнар алады. Абайдағы бұл ой келесі өлеңде анық танылады:

Әуелде бір суық мұз — ақыл зерек,

Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.

Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық, —

Бұл қайраттан шығады, білсең керек.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, 

Сонда толық боласың елден бөлек. 

Жеке-жеке біреуі жарытпайды

Жол да жоқ жарыместі жақсы демек [3. 128].

Мұндағы ойды дәл байқай білген ғалым Мекемтас Мырзахметов: «... адам бойындағы ақыл, қайрат, жүрек жөніндегі күрделі ұғымға алғаш рет ерекше назар аударып, ой толғай бастайды. Осы күрделі ұғымның философиялық мән-мағынасынан өз өмірінің соңғы шағына дейін қол үзбей, оған негізінен гуманистік астар бере отырып, әсіресе, ондағы жүрек мәселесіне абайдың өзі үш сүю немесе имани гүл деп атаған танымының негізінде өзіндік ой байламдарын жан-жақты таратып беруге ұмтылған ақынның белсенлі әрекетін көреміз» [11. 21], - деп баға береді де: «Абай өзінің дүние танымында ақыл, қайрат, жүректің бірлігіне аса зор мән бере қарауы себепті де:

«Біреуінің күні жоқ біреуінсіз

Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек» [3. 128], -

деп, аталмыш ұғымдардың қоғамдық санадағы алатын орны мен мағынасын білуде ғылымға жүгініп, оған сілтеме жасауында да зор мән бар» [11. 21], - деген пікірімен терең ой тастайды. Адамды толықтыратын аталмыш үш қасиет болғанмен де, ғылымның сол үшеуінің жөнін білетіндігін Абай тегіннен-тегін жазбаған. Адамға хикметті сезіну үшін ғылымға бой ұруы керек.

«Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі.

Наданның көңілін басып тұр,

Қараңғылық пердесі.

Ақылдан бойы қашық тұр,

Ойында бір-ақ шаруасы» [3. 165], -

деген жолдардан-ақ адамды надан ететін нұрсыздықтың салдары ақылдың рахымнан алыс болуынан, жүректің әміріне ақылдың құлақ аспауынан туады. Жүрек көзінің ашылуы Хақ сәулесінің түсуімен, жүректің Түп Иені сезуінен болса, Абайдағы «нұрлы ақылдың» мағынасы тікелей «...ыстық жүректің ырқымен жүретін, тек қана рахым-шафағаттың дегенін іске асыратын гуманистік жолдағы ізгілікті ақыл...» [11. 23], - дегенге келіп саяды. Олай болса, ақылдың нұрланбағы да ең алдымен жан мекені жүректен екен.

«Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз жол емес.

Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі хаққа қол емес...

Ақылмен хауас барлығын

Білмейдүр, жүрек сезедүр...» [3. 268] -

деген жолдардан-ақ жүрек деген жұмыр еттің Иесін сезетінін, Хаққа жақын ететін ынталы ғашық жүрек пен шын ниет екендігін аңғарамыз. Осыдан-ақ жүректің адамдағы бас мүше екендігі, онда Хақ сәулесі болғандықтан рахымның да орын алатындығы, оның әмірі ақылға да жүретіндігі белгілі. Олай болса, толық адамға жету жолында жүректің басымдырақ танытатыны «сен де сүй ол Алланы жаннан тәттімен» тұтасып жатады.

Абайдың баласы Әбдірахманға арнаған өлеңдерінде Әбдірахман бейнесімен қатар толық адам бейнесі де сомдалады.

«Тұла бойың ұят-ар едің

Ескеріп істеп, ойлаған.

Тәуекелге нар едің,

Талаппен терең бойлаған» [3. 229], -

деген жолдардан жүрек, ақыл, қайраттан бастау алған қасиеттердің Әбдірахман бойында тұтасқаны сипатталады. Осы үшеуден шыққан қасиеттер:

«Сабыр мен талап беріпті,

Ақылың, рахымың қиын-ды» [3. 241].

«Жүрегі – жылы, бойы – құрыш,

Туысы жаннан бөлек ті.

Аямаған ғаріптен

Қолдан келген көмекті.

Кісіге сідет жүктетпей,

Еңбекпен тапқан қоректі.

Біреудің қылған қарызын

Айтқызбай артық төлепті.

Боямасыз ақ көңіл,

Кірлетпей кетті жүректі» [3. 228].

«Орынсызды айтпаған,

Түзу жолдан қайтпаған.

Жақсылық қылар орында,

Аянып бойын тартпаған» [3. 234],-

деген жолдардан да ұшырасып, адамзаттың болмысы – адамдықпен астасып жатады. Адам бойындағы асыл қасиеттер ғана емес, енді осы қасиеттердің тұтастығынан өзінен-өзі келіп туындайтын игі істер, ғибадаттар да Әбдірахмандағы адамдыққа меңзейді. Ақынның «мұндай асыл тумайды» [3. 237], - дегені алдыңғы ойдың айғағы. Бұл жоқтау Абайдың бекзат баласын ғана жоқтауы емес, кез-келгенде кездесе бермейтін адами құндылықты, толық адамдықты жоқтауы.

Абайдағы жақсы адам – анығында толық адам. Жоғарыда ой өрбітуге сеп болған «жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс» деген жолдардағы ой Абайдың Әбдірахман өліміне байланысты жазған өлеңдеріндегі Әбдірахман болмысынан байқалады. Иман толықтығын бұзатын «дүниеге дос», «дүниеге ынтық» ұғымдары да ер Әбіштің «өлмейтін атақ қалдырып, дүниеге көңіл бөлмепті» сипатымен қарама-қайшылықта.

Жалалауддин Дауани «Ахлақи жалалийа» еңбегінде: «Адамның жаратылысында мақсат бар. Тіпті, оның әрбір ағзасының, күш-қуаттарының мақсаты бар. Алланың адам ағзасы мен қуаттары үшін қойған бұл мақсаттардың түпкілікті нәтижесі, яғни мақсаттардың мақсаты «шынайы кесмелдікке» жеткізу. Бұл кемелдік Алланың халифасы (сирр-ул-хилафат-илахийа). Адамның бар болуының (ижад) мақсаты жер бетінде Алланың халифасы болу және оған құлшылық ету (убудийат). Құлшылықта кемелдікке жету – адамның қуаттарын, қолынан келгенше Алланының сипаттарына ұқсауға тырысу үшін қолдану арқылы мүмкін болады. Осылай болғанда, шын мәнінде «құл» және «Алланың халифасы» болады. Алланың сипаттарымен байланыс құрылса, одан кемелдікке жетеді, халифа болады. Алланың ахлақымен (мінезі-сипаты) сипатталу халифа, кемел адам болу деген сөз» [13. 132-133], - деп, кемелдікті құлшылыққа алып келеді. Абайдағы:

Руза, намаз, зекет, хаж — талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті

Қылғанменен татымды бермес жеміс [3. 304],-

деген жолдардағы «жақсы» ұғымы да осы құлшылықтағы кемелдікке жетуге жақын. Бастапқы үш болған имани гүл мен ғибаттарды атқармаққа толық адам болу керек. Құлшылықтардың негізі имани гүл, яғни Алланы сүю, адамзатты сүю, әділетті сүю үшін рахым-шафағаттың, ақыл, танымның, қайраттың тұтастығы керек. Жүректе нұр болса ақыл оны танымаққа ұмтылады да, қайрат таныған ақиқатын мойындауға итермелейді. Осы турасында Абайдың: «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады», - деген терең ойлы сөзі дәл айтылған. Егер адам кемелдікке, толықтыққа жетсе «... жақсы тұт бәрін тегіске» қол жеткізеді. Адамның болмысы әу бастан құл болғандықтан жақсы болу, толық болу құлшылықтағы кемелдікпен сабақтас. Ақиқатқа жүрек көзімен қарасақ қана толық бола аламыз. Осыдан шығатыны, ақынның «жақсы болсаң» дегені толық адам ұғымымен өзектес, мәндес жатады. Абайдағы «жақсы» ұғымын «толық адамынан» бөліп ала алмаймыз.

Өмірінің соңғы жылдарында жазылып, хакімнің Хақты тану жолындағы ойларын қорыта айтқан «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде:

«Распенен таласпа мүмин болсаң,

Ойла, айттым, адамдық атын жойма!» [3. 305] -

деп қорытынды жасап, шығармадағы бүкіл ойдың түйінін «адамдық» деп беруінің өзі – хақиқатты түсінген, расты қабыл еткен хакім айтарлық ой. Олай болса, «адамдық» дегеніміз – Хақтың жердегі халифасы «кіші әлемнің», яғни адамның болмысы.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

 1. Ш.Құдайбердіұлы. Үш анық. — Алматы: Қазақстан; «Ғақлия» ғылыми-әдеби орталығы, 1991.

2. Құран Кәрім: қазақша мағына және түсінігі. Аударған Халифа Алтай. – Мәдина, Сауд Арабия, 1991.

3. Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. I том. Алматы: Ғылым, 1977.

4. М.Мырзахметұлы. Абайтану: оқу құралы. – Алматы: [Asia Book Trade Company], 2010.

5. Қазақ халқының философиялық мұрасы // Қазақ этикасы және эстетикасы: жиырма томдық.12-том. – Астана: Аударма, 2007.

6. Психология: Энциклопедиялық сөздік. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011.

7. Ғ.Есім. Хакім Абай. – Астана: Фолиант, 2012.

8. Шәкәрімтану мәселелері.Сериялық ғылыми жинақ. 6-том. – Алматы: Раритет, 2008.

9. Абай. Қара сөздері. – Алматы: Өнер, 2006.

10. Философиялық антропология. Мәдениет философиясы. Дін философиясы: жиырма томдық. 19-том. – Астана: Аударма, 2006.

11. М.Мырзахметұлы. Абайдың адамгершілік мұраттары: Ұлы ақынның 150 жылдығына. – Алматы: Рауан, 1993.

12. А.Ноғаев. Даналық ойдан дән ізде. - Алматы: Көкжиек, 2013.

13. Қазақ халқының философиялық мұрасы // Ислам философиясы: жиырма томдық. 4-том. – Астана: Аударма, 2005.

 

 

 

 

Мейрамгүл ҚашқымбекМейрамгүл Қашқымбек
2 года назад 1636
0 комментариев