Шариғат шәлісі
Шариғат шәлісі

Биссмилляхи Рахмани Рахим!

      Шариғат шәлісі мәселесі бүгінгі күн бұрынғыдай дау туғызудан қалып барады, байқасам. Әлде ести-ести үйреніп қалдық па? Әй, білмеймін! Бірақ қоғамдық орындарда еріксіз: "Қазақтың қыздары жабынбаған. Кимешекті кемпірлер киген екен ғой", - деген сыңайлы сөздерді естіп қалып жатамын. Сабыр сақтап, ішімнен: "Адам білмегенінің жауы ғой. Бірақ, неге адамдар қандай да бір пікір айтар алдында ізденбейді, оқымайды екен? Неге сауатты, негізі бар пікір айтпайды екен?" - деп шарасыз ойға берілетінім де бар. Неге біз осы?.. Десекте, көзін алартып, мұрынын шүйіріп, басын шайқап, жақтырмағансып қараған кей қазақтар кешегі иманы берік қазақтың ұрпағы еді ғой. Қазағым бүгін ғана мұсылман болған халық емес. Түп-тамыры тереңде жатыр. Орамал мәселесін не арабқа, не заманға сілтей салғанымыз жөнсіз. Мәселе заманда емес, иманда. Ислам дініне дейін араб әйелдері де тиісінше жабынбаған. Шексіз білім мен мейірім иесі Алла Тағала әйелдің қоғамдағы орнын жоғарылату арқылы әйел адамға жабынуды бұйырды. Хиджаб - араб ұлтының киімі емес. Ислам - күллі адамзаттың діні болғандықтан да ондағы адамдық қағидалары мен тыйымдар барша адамзат баласына ортақ. Нәпсімізге ауыр келген дүниенің бәрін білімсіздікпен, жігерсіздікпен "арабтікі" деп ысыра салу ақылға қонымсыз. Адамзаттың асылы, пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) біршама жылдар бойына адамдарға иман негіздерін түсіндіріп, ілім-білімге үндеді. Осыдан келе бар адам баласына ғибадат парыз етілді. Абай хакімнің "Әрбір ақылды адамға иман парыз, әрбір иманды адамға ғибадат парыз",- дегені өте орынды айтылған. 

Салт-дәстүрін дінге негіздеген қазағым үйіне келін түсіргенде басына орамал салып,аяғы ауырлағанда желек жамылдырып, босанғанында кимешек кигізген.Қарап отырсақ келін түскелі денесі тұрмақ, басы ашық жүрген жоқ. Әуезовтің өзі кимешекті "шариғат шәлісі" деген. Қыздың басына орамал салу келін болып түсуінен басталатынының себебі махрам мәселесінде жатыр. Махрам- туыстық қатынас бар болуы себепті бірге отбасын құруға болмайтын адам. Ал қазақта ертеректе бір ауылда тек бір ру ғана тұрған. Жеті атадан аспай қыз алып, қыз бермейтін жөн-жосығымыздың бар екені де бәрімізге аян. Сондықтан қызға өз ауылындағы адамдары махрам есебінде болады. Махрам болғандықтан да орамал тақпаған.Сонда да қыздардың білектен және тобықтан төмен өзге жерлері жабық болып, бастарына тақия киіп жүретіні қазағымның иманының беріктігін растайтындай. Осыдан орамалдың не себепті келін болып түскенде салынатынын түсінген болармыз. Қазақ қызына әуретін жауып, ұятын қорғауды "заман осылай, ескінің адамдарымыз" деп емес, ол Құранда жазылған Алла Тағаланың сөзі болғандықтан үйретті. Ислам дегеніміз - жалғыз Аллаға бойұсыну. Қазақты исламнан бөліп қарай алмаймыз. Себебі қазақ - ықылым замандардан мұсылман халық. 

Ата-бабасы бес уақыт намазын қаза етпеген қазағым Кеңестің дінсіздікке әкелген саясатынан кейін хақ дінін, ата дінін ұмытқандай. "Қасиетті Құран", "Құран - Құдай сөзі" деп мойындап та қояды. Ал бірақ "Құранда былай делінген" десең үрке қашып, дауласа кетеді. Қасиетті Құранның қасиетін ұғына алмай жүрміз-ау! Хакім Абай айтқандай:

Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

      Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі Хаққа жол емес.

Құр сөзбен айтқан "Мұсылманмында" қасиет жоқ, соңынан ұғар қасірет көп. Хаққа деген жүрек ынталы болмай, көңіл шын болмай "иманды екенмін" деу - өзіңді-өзің алдау. Ал ынталы жүрек әуелі Хаққа ғашық болмақ керек, Хаққа ғашық жүрек Оны тануға ұмтылмақ керек.

Мейрамгүл ҚашқымбекМейрамгүл Қашқымбек
2 года назад 446
0 комментариев