Халық тарихы: ата-бабаларымыз қыз жүрегіне қалай жол тапқан?
Халық тарихы: ата-бабаларымыз қыз жүрегіне қалай жол тапқан?

Ұнатқан қызыңыздың көңілін табу үшін не істейсіз? Жо-жоқ, жауап бермей-ақ қойыңыз! Қоғамда қалыптасан сезім білдірудің алуан түрлі амалдарын ғаламтордан, газет-журналдардан, кинофильмдерден, «ақылгөй» аға-әпкелерімізден, қысқасы, іздеген, сұраған жерлеріміздің бәрінен қиындықсыз тауып алдық та, тәнті болдық.

Бұл сұрақтың жауабын Stan.kz сайтының тілшісі іздеп көрді.

Ғаламторға күнделікті саулап жатқан сезім білдірулерге толы видеожазбаларды көргенде біздің де экранның бергі жағында отырып денеміз дірілдеп, жүрегіміз селк етеді. Десе де, өткен ғасырлардағы уақыт пен кеңістікті, заманның келбетін көрсететін фильмдерден ерекше ләззат алып, әсіресе, мәселе махаббатқа тақалғанда, ыстық ықылас-лебіздер мен айрықша ұстамдылыққа ет-жүрегің елжірей беріліп, қиялыңда сүйгеніңмен қол ұстасып, сол әлемге саяхаттап кететінің өтірік емес.

Иә, «ескілікте» қалған тәртіп-тәрбие, инабаттылық, кіршіксіз сезім мен мөлдір махаббат, қос ғашықтың ұстамдылығы – бәрі-бәрі жаныңды ерекше тебірентетіні бар. Оның себебі, дәстүр мен тәртіп қатаң сақталып, саналы ұрпақтың тазалығынан туатын «таза болмыс» пен «таза сезімде» жатса керек. Тазалықты бүкіл болмысына сіңіріп, тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері де тазалыққа тұнған халқымыздың дәстүрінде махаббат машақаты қарастырылған ба екен? Бабаларымыз болашақ жарына сезімін қалай білдірген?

Көкейміздегі сұрақ аясында ой өрбіткен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұстазы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Еділ Ноянов ағамыздың: «Қазақта «Жеңгенің құлағына алтын сырға» деген сөз бар. Бала ер жеткен соң міндетті түрде бесікте атастырылған қызын іздейді. Осындайда жеңгетайларды араға салып отырады. Қызды көрген соң оған сезімін білдіреді. Ол кезде қазіргідегідей еркін отыратын жерлер болмаған. Жеңгелері қайынсіңлісін кешке жақын «құдық басына немесе талдың түбіне барамыз» деп алып шығатын болған. Жоғарыда айтқанымдай, бұл үйленгенше күнде көрісе беру деген сөз емес. Жастар жұрттың көзіне көп түспей, әдеп сақтайтын болған»,- деген пікірі арқылы қазақ болмысында жөн-жосықсыз қыз-жігіттің жолығысып, сезімдерін дүйім жұртқа әйгілемегенін аңғарамыз.

Ар мен ұяттың өлшемін білген дана халқымыздың текті ұлдары қазақы дәстүрлер мен ойын-сауық аясында ыңғайын тауып, атастырылған қызына, өзіне тең көрген жанға сезімін білдірген. Олардың қатарында «Селт еткізер», «Мүше алу», «Қыз көру», «Алтыбақан», «Ақсүйек», «Тобық тығу», «Қыз қуу» сынды дәстүрлер мен ұлттық ойын түрлері бар. Аталмыш дәстүрлердің мақсат-ниеті бір екені айқын болғанымен, өзіндік болмысы мен орындалу жосығы әртүрлі. Десе де, бірқатары мерекелерде, жиын-той, ойын-сауық үстінде орын алған.

cMzxCygZ0yhKv8l2lOqOxldUcem28Z

19 ғасырдың 90-шы жылдарындағы қалыңдық суреті

Мысалы, түрлі жиындарда, сауық-сайран, ойын-тойларда ат үстіндегі жігіттер жеңгесінен мүше сұрайтын болған. Жеңгелерінің жауап ретінде берген мүшелерін (айна, білезік, орамал, т.б.) жігіт ала қашып, соңынан іле шауып, мүшені алып қалуды діттеген жігіттерден шаң қаптырып кетуге тырысады. Есебін оздырған жігіт иелігіндегі мүшені көңілі қалаған қызға сыйға тартып, ұнатқан жанына ептілігін ғана емес, сезімін де аңдатқан. Бұл дәстүр «Мүше алу» деп аталып кеткен. Осыған іліктес жатқан «Селт еткізер» дәстүрі бойынша арудың көз тартар сұлулығына ғана емес, ақылы мен көркем мінезіне, иба-инабаттылығына тәнті болған жігіт ұнатқан сұлуына сақина, сырға, білезік, айна, тарақ, т.б. сынды ескерткіш сый-сияпат ұсынған. Сезімтал қыз баласының жігіттің ойынан сезіктеніп, «селт» етері анық. Орайын тапқан жігітке бұл да бір – ішіндегісін сездірудің ұтымды жолы. Сонымен қатар, әнші, сал-сері бабаларымыз домбырасының үкісін тастау арқылы да көңілін білдіретін болған.

Көпшілік ауылдың қыз-жігіттері қалмай жиылатын «Алтыбақан» дәстүрлі ойынының жастардың ой-танымын, көзқарасын, мәдениетін қалыптастырудағы орны ерекше. Мұнда жиылған топ алтыбақан құрып, өнерлерімен сынасып, ән-жыр айтысып, түрлі ойындар ұйымдастырып, түн ортасына дейін сауық құрған. Сауық-сайранға көңіл көтеруді ғана діттемей, «ішінде дәмесі» бар жігіттердің таңдағанына бір жолығып, сырын ұқтыруға орайлы тұс іздей келетіні де бар. Жастар ойын-сауыққа батқанда, алтыбақанның екі басындағы қыз бен жігіт ән салып, айтысып қана қоймай, жүректерімен де сырласып, іштей ұғынысатын болған.

Осындай жиындарда ойналатын «Ақсүйек» ойынында ойын бастаушы жылқының бақай сүйегін не қойдың жілігін, жауырынын, жамбасын қолына алып, алысырақ жерге барып, ақсүйекті лақтырып жібереді. Ақсүйекті іздеуге көпшілік жан-жаққа тарасқан сәт бозбаланың көңілі ауған аруына көз салып, бір көруіне таптырмас мүмкіндік екені рас. Бірақ бұл біз ойлағандай бүгінгінің «кездесуі» емес. О заманда қыз баласы жеті түнде жалғыз жүрмегендіктен, қызды оңашаға шығарып алған күннің өзінде сыртқарыдағы бір топ қыздың бақылауы және қыз бен жігіттің ар-ұятын сақтаған ұяңдығы себепті бейбастыққа жол берілмеген. Сөзімізді қуаттай түсер тарихшы Еділ Ноянов ағамыздың: «Қазақтың жазы той-томалақсыз өтпейді ғой. Әншілер өздерінше, бишілер өздерінше жиналатын болған. Тең-теңімен отырып, ақсүйек ойнаған. Бұл ойын сүйекті іздеу үшін емес, жігіттердің өздері сүйген қызына сөз салуы үшін ойлап табылған. Артынша әке-шешелері белгілі бір уақытта құда түсіп, қызды айттыратын болған»,- деген тұжырымы «Ақсүйекті» бұған дейін біздің санамызда орын алған «арсыз» ойдан арашалап алады.

Ал өскелең ұрпақты ұқыптылық пен бірсөзділікке тәрбиелейтін «Тобық тығу ойынында» жігіт пен қыз тобық тығып әлдеқандай бұйым беруге белгілі бір уақытқа серттеседі. Тобықты тығуға алған жігіт қай жерде, қай уақытта болмасын тобық сұралғанда қолына ұстатуға дайын тұруы тиіс. Болмаған жағдайда жігіт ұтылды деп табылып, серттескен бұйымын береді. Мұндай ойынның арты атастырылған қыз бен жігіттің сүйіспеншілігіне ұласқан жағдайлар да аз емес.

1C0zU4JKh2QGiF8bErlN2J45TaHyO5

«Қазақ дәстүрінде қыз бен жігіттің тобық алысуы құр ғана ойын емес, мұнда екі жастың өздері ғана түсінетін бір терең сыр бар»,- дейтін Ілияс Есенберлин атамыздың сөзі бұған дәлел. Сөзімізге орай ойын барысында орын алған қызық оқиғаны айта кетсек, Солтүстік Қазақстан облысында бір жігіт сүйген қызына тобық ұсынған. Бірақ жігіт көп ұзамай Ұлы Отан соғысына аттанады. Үйіне «хабар – ошарсыз кетті» деген хабар келеді. Ал жігіт жау қолына түсіп тұтқында болады. Соғыстан кейін «тұтқында болды» деп еліне жібермей тағы айдалады. 12 жылдан соң еліне оралып, жігіт қыздан сертін сұрағанда салиқалы қыз тобықты ұстата беріпті. Содан екі жас қосылып, тату – тәтті өмір сүріп кеткен екен (Ораз Ілиясұлы «Ана тілі» газетінен).

Осы күнге дейін кейбір мейрамдарда ойналып келе жатқан бәрімізге таныс «Қыз қуу» ұлттық ойынына ертеректе күйеу жігіт пен қалыңдық қатысатын болған. Күйеужігіт жеңіліс тапқан жағдайда, өзіне қойылған талапты ақтай алмағаны үшін некелесу құқығынан айырылған. Ертедегі аңыз-ертегілерге қарағанда, қазақтарда тағы бір мынадай әдет-ғұрып болған. Осы әдет бойынша жарысқа екі рудың қыз бен жігіті түскен. Жігіттің жеңілуі оған салынатын айыппен қоса, өз руында еті тірі жігіт пен жүйрік атының жоқтығы үлкен кемістік болып табылған. Егер қыз жеңілген деп табылса, оның жағының келісімі бойынша, ешқандай қалыңсыз-ақ ол жеңген жігітке тұрмысқа шығады.

Ертеректе ата-бабаларымыздың «бел құда», «бесік құда», «қарсы құда» атанып, ата-аналарының балаларына өздері жар таңдап беруі – тарихи шындық. Отау құрар алдында орын алатын «Ұрын бару», «Қыз қашар» дәстүрлерінен жігіт пен қыздың алдын-ала көрісіп, тілдесіп, білісетіні себепті, олардың да шешімі қалыс қалмайтынын аңғартады. Ата салтымыз бойынша «пәленше жерде жақсы қыз бар» дегенді естіген игі жақсы, белгілі адамдардың балалары немесе өнерпаз, сал-сері жігіттер дос-жарандарын ертіп қыз ауылына «қыз көруге» аттанады.

«Қыз көру» деп танылған дәстүр кей жерлерде «Қыз таңдау» деп те аталады. Қыз көруге келген жігіттерге ешкім наразылық танытпай, керісінше, құрметпен, салтанатпен қарсы алатын. «Қыз көретін жігітті біз көрелік» дей шыққан сол ауылдың өр мінезді, өнерлі қыздары жігіттер тобымен айтысып, өнерлерімен сайысқа түсіп, жігіттерді сынға алған. Аталмыш жоралғыда қыз көруге келген жігіт пен арнай келген қызы бір-бірін ұнатып жатса, жігіт ойын ата-анасына білдіріп, құдалыққа кісі жіберетін болған. Ал әрі қарайғы «қыз айттыру», «құда түсудің» жөн-жосығын білгенімізбен, көбіміз еліміздің шығыс, оңтүстік өңірлерінде қолданылатын «Біз шаншар» дәстүрін біле бермейміз.

Қызы бар үйге амандық білген болысып сау етіп түсе қалған ақсақал-қарасақал аралас бір топ ер адамдар еш мән-жайларын, келген ойлары мен шаруаларын айтпастан қонақасын ішіп, аттанып жүре береді. Жөн-жоралғы бойынша бір топ ер-азамат тектен-тек бұлай жүрмеген. Әлденеден сезіктенген үй иелері қонақ отырған орыннан шаншулы бізді тауып алатын болған. Бұл «бізде ұл, сізде қыз бар, құда болайық» дегенді білдіреді екен. Дана халқымыздың танымында шаңырақ көтеру мәселесінің үлкен маңыздылыққа ие екендігі жігіт пен қыздың жөн-жосықсыз отау құра салмағанынан-ақ аңғарылады. Әр жастың санасында мығым орныққан «Құдай қосқан қосағым» деген үлкен ұғым аталмыш жайтқа атүсті қарауларына жол бермеген.

Бұл турасында жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы, тарихшы ғалым Тұрсын Жұртбай кең түсініктеме береді: «Қазақта «құдай қосқан қосағым» деген қасиетті сөз бар. Үлкен кісілер өзін үлгі етіп көрсеткісі келгенде, мақтанғысы келгенде, «құдай қосқан қосағым еді» деп айтады. Мұның астарында аса терең махаббат, терең сезім, терең пейілділік жатыр. Өйткені айттыру деген жәй ғана дүние емес, екі жастың болашақ тағдырын шешу. Олар екі елдің арасына дәнекер болады. Күйеуінің ұрын келуі, қыздың ұзатылуы, 6 айдан кейін, 1 жылдан кейін күйеудің қыздың аға-бауырын құда бала болып іздеп келуі, қыздың қайта төркіндеп келуі – патшалардың таққа отырғанынан бетер салтанатты мереке. Ал сондай ұлы мерекелер арқылы ел мен елдің, жұрт пен жұрттың бата-тілегі, мал-мүлкі, ниеті қосылады. Кейін келін ұлды, қызды болғанда сол елдің анасы атанады. Осы дәрежеге жеткенде, жары “құдай қосқан қосағым еді» деп айтады. Бұл – ел мен елдің бірлігі, барлық адамгершілік сезімнің үлгісі». Ғалымның салмақты ойы қазақтағы тектілік пен тазалықтың ұлттың ажырамас бір бөлігі екенін шегелей түседі.

Біраз жайт пен жөн-жосықты саралай отырып, діні мен дәстүрі егіз халқымыздың «таза болмысының» руханияты мен тіршілігінен қатар көрініс табуы мен дәстүрден аттамайтын ұстанымынан ұрпағының тектілігінің де тектен-тек емес екенін аңғарамыз.

Мейрамгүл ҚашқымбекМейрамгүл Қашқымбек
8 жыл бұрын 5439
0 пікір
Блог туралы