"Абай жолы" эпопеясында Шәкәрім тұлғасының көрінуі
"Абай жолы" эпопеясында Шәкәрім тұлғасының көрінуі

Биссмилляхи Рахмани Рахим!

           Қазақ әдебиетінде ойып алар орны бар, өзгелерден ерек, дара көрінетін шоқтығы биік туынды Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында ұлтымыздың марғасқасы хакім Абайдың өмірі ғана емес, бар қазақтың тіршілігі суреттеліп, шебер жеткізілген. Қаламгер маңдай алды шығармасында қазақтың бас ақыны Абайдың сүрлеу соқпаққа, у мен өртке толы ғұмырын жан-жақты көрсетуі арқылы ұлт өзегіндегі шерді, бұлыңғыр күн мен аяусыз езгіні қалың оқырманға жайып салып, батыл қадам жасайды. Роман әу бастан қақтығыстан, жай ғана әке мен бала арасындағы емес, ескі мен жаңаның арасындағы қақтығыстан бастау алып, ендігі шығарманың өн-бойы толассыз шиеленістер мен талас-тартысқа құрылады. Анығында, Абай аузымен жаңашылдықты жан сала жақтаған автор ескілік хақындағы өзінің позициясын Абайдың ақтық демімен аяқталар туынды соңына дейін бір деммен ұстана отырып, шебер таныта біледі. Панисламист, пантюркист ретінде танылатын ескінің сарқыншақтары арқылы замана көрінісін,қазақтың халін, патшалық саясатын ғана емес, кеңестік жүйенің көздегені жөнінен барынша үн қатуға тырысады. Осы тұста автордың екіұдай танымды, сезімді қатар алып отырған ауыр жүгін, күрделі ойын аңдаймыз. Құнанбай, Көкбай, Шұбар, т.б. образдары мейлінше ескіліктің құрсауына шырмалып, жаңаның алдында санасы сәуле бермес қараңғы,қаскөй, надан, озбыр болып көрініс тапқанымен, олардың аузынан шыққан сөздерде удай ащы шындық, автордың өмір сүріп отырған заманына, ондағы саясатқа деген көзқарасы жатыр.

Қазақ даласының ақиқатты аңсаған болмысы мен бітімі бөлек, сөзі кесек, танымы терең ойшыл ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлы 80-жылдардың аяғына дейін есімі аталса төбеден бұлт үйірілер «халық жауларының» қатарынан орын алып келді. Оған дейін зерттеп жазбақ түгілі ауызға да алуға болмайтын Қажыны түрлі амал-шарғымен романына сыйғыза білген Әуезовті жүрек жұтқан шыншыл қаламгер демеске әсте болмас. Шәкәрімнің романда ұшырасуы турасында кітап баспа бетін көргелі толассыз дау-дамайлар толастамады. «Халық жауын» сөз еткені үшін Әуезов сынға ұшырады. Бірақ жазушы қиянатқа бармады, бірінші кітапта Шәке бейнесі арқылы көрінген Шәкәрімді артынша келесі кітапта жиынтық образ Дәрменге ауыстырады. Дәрменмен қатар ұшырасатын тағы бір кейіпкер – Шұбар. Романның екінші кітабының жарық көруінен соң қатал сынға алған Сәбит Мұқанов: «Әуезов жолдастың былтыр басылып шыққан «Ақын аға» деген романында Абай шәкірттерінің бірі боп Шұбар деген жүреді. Оның Шәкәрім екені өзінен-өзі көрініп тұр. Бұндай бандиттің кітабын біз талқылап жатпаймыз» [1. №7 ], – деп кесіп айтады. Шындығында, романға зер сала қарасақ, Шұбардың болмыс-бітімінен, кесек сөздерінен Шәкәрім тұлғасын айқын аңғара аламыз. Осыны байқаған филология ғылымдарының кандидаты Сұлушаш Бекмырза да: «Романдардағы Шұбар – өзінің мінез-құлқы, пиғылы, кейбір іс-әрекеті жөнінен трагедия мен кинодрамадағы Керімді, операдағы Әзімді, әдеби сценарийдегі Шәріпті  еске түсіретін кейіпкер. Оның Керім, Әзім, Шәріптерден өзгешелігі, Абайдың сүйікті шәкірті Дәрменмен іштей өштесіп жүргенімен, олар тәрізді адамды у беріп өлтіретін зұлымдық іске бармайды. Әуезов романдардағы Шұбарды олардан гөрі ұнамдырақ қасиеттермен, қайшылықты бейне етіп көрсеткісі келген тәрізді. Бірақ өмірдегі Шәкәрімге барлық жағынан ұқсас кейіпкер жасау қауіпті. Олай болған жағдайда романның жарық көруі екіталай еді» [2. 338], – деп ой толқытады.

Ал филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай: «Дәрмен мен Шұбардың, Шәкенің бойынан Шәкәрімге қатысты өмірлік дерекетер іздесек, бүкіл төрт кітаптың мазмұнын баяндап шығу керек. Сонда да мына жайды назарға іліктіре кетудің артықтығы жоқ. Біз бір адамның қос образға айналуына да дәйек келтіреміз. Екінші кітапта Шәке қысқы салбурында Шыңғыстың сыртына саятқа шығады. Құстың тілін де, бабын да меңгерген кәдімгі аңшы ретінде сергектігімен сүйіндіреді. Ал үшінші кітапта ол Дәрмен екеуі қаршығаларын үйрекке түсіріп, өзара бәсекеге түседі. «Еңлік-Кебек» жырын жазу қақысын Дәрмен жеңіп алады. Бұл арада Шәкәрімнің құсбегілігінің өзі Дәрмен мен Шұбардың арасына жарықшақ түсіріп, екіге бөлінуінің алғы шарты ретінде негіз қалаған» [3. 229], - деп сөз етеді. Эпопоеяда көрінетін шұбар бейнесі автордың қауіпті таңдауы десек те болар. Алайда, Әуезов басына Шұбар мәселесіне бұлт үйіріле қалған жағдайда сытылып шығудың да жолын алдын ала қарастырған. « ... «Шәкәрімді жазып отырсың!» деп шаужайдан алған жағдайда, қысым түскен тұста Мұхтардың: «Жоқ, Шұбар – Шәкәрім емес, Шұбар дегенім – Шұбар. Абайдың туысы Шәкәрімнің ағасы», - деп қарсы шығуға қақысы бар еді. Өйткені... Шұбар - өмірде бар адам, Абайдың замандасы, тетелес өскен Шәкәрімнің ағасы. Бірақ ерте дүниеден қайтқан» [3. 227], - деп Тұрсын Жұртбай Әуезов сылтауының жік-жапарын талдаған. Ал Шәкәрімнің эпопеядағы «Шұбар деген атының өзі Шәкәрімнің бетіндегі секпілге орай қойылған» [3. 224].

        Шәкәрім бейнесі шығармада үш кейіпкермен тығыз астасып, сабақтасып жатыр. Сол кейіпкерлер ішіндегі болмысы бөлектеу күрделісі – Шұбар бейнесі. Романға зер салсақ автор Шұбарды ұнатпағанымен де, оны жамандыққа, озбырлыққа қимайды. Екіжүзді, кертартпа мінезі тек ұсақ дау-дамай арасында жүргенімен, кейіпкердің Абайға жақындығы, кей тұста көрініп қалар шыншылдығы, білімділігі мен ақ адал болмысы әредікте болсын қылаң беріп отырады. «Аз уақытта Шұбар ептілікке салды. ... Сөзіне күлкі аралас, жылылық кіргізді.

          - Сүйтіп, екі кәрі, жайларыңды аңғарсам, бүгін есе берер түрің жоқ. Өздерің менің болысымның қазағысың. Сыртпен даулассаң, сөзіңді өзім қуатын қарашым екесің. ... Сонымен, сен екеуің қырық үйдің ішінде, “ең жолы болғыш, ақжолтай шалдар болдың ба!” деп отырмын. Түбінде құдайға қараған мақұл! – деп, Тәкежан мен Ысқаққа көз тастады.  - Бұлардың ақысын өзіміз де жемейік, өзгеге де жегізбейік, туысқандар! Сөз аяғы осы болсын. Тек қазір осы арада Абай ағам кесігін айтсын да, тыным, тыныштығын тапқызайық бұл сөздің! – деді». Романдағы Балқыбек сиязындағы бір ғана көріністен Шұбардың болмысындағы « ... үлкен сөзді жайлап бітіру, зәрсіз тарқату жөнінен байқалған» [4. 279] ептілігін, шыншылдық пен туралығын аңдағандаймыз.  Және бір кездесетін Абайдың Шұбар жөніндегі: «... Тәкежан, Ысқақтан мынау сонағұрлым зерек екен-ау! Жас та болса, ақыл-парасат осыдан шыға ма, қайтеді. Мынаның алды бар-ау! Тек қайда барар екен!» [4. 283], - деген байлауы анық Шәкәрімді танытса керек. Бір ғана ол емес, Шұбардың болмыс-бітімі, танымы, білімі, бәрі де Шәкәрімге мегзейді.  «Бұл болыстар ішінде өлеңге бейімі бар, тілді-сөзді кісінің бірі Шұбар болатын. Өзгелердің бәрінен жасы кіші болса да, оқу-білімге де озығы осы. ... Шұбар онымен қоймай, Абай үлгісіне де өз бетімен ілесіп жүр. Өздігінен тілмаштардан түртініп оқып, орысша тілді де білгісі келіп жүрген. ... Өзге жастың қатарынан озғындап келе жатқан омырауы да бар» [4. 263], «Бұнымен дауға түсетін Шұбар екен. Өзге Құнанбай балаларының ішінен тілі орамды, айтқышы және Абайдан соңғы білгірі осы болып, жырылып шыға бастаған» [5. 103], - деп берілетін Шұбар болмысы жоғарыдағы ойымызды толықтыра түседі. Мұнымен қоса, Шәкәрімнің ұлы Ахат Құдайбердиевтің «Менің әкем, халық ұлы – Шәкәрім» естелігіндегі автордың әкесін суреттеген сөздері романда да ұқсастық тауып ұышрасып отырады.  Естеліктегі: «Әкей көп жантаймайтын еді. ... Атқа тік отыратын, ерден  көп қозғалмайтын» [6. 161], - деген жолдар романдағы: «Ақ сұр жүзінде сәл білінер қорасан дағы бар, кең жауырынды, ұзын бойлы, атқа тіп-тік отыратын Шұбар болыс осы» [3. 261], – деп берілетін кейіпкер сипатымен үндеседі. «Он жеті жасынан бастап скрипка тартуды үйренеді. Жазғытұры барып, скрипкасын алып, сол орыстан да скрипка үйренеді» [6. 159], – деген естеліктегі ойдан Шәкәрімнің скрипкада ойнай білгенін ұғынсақ, романда Әуезовтің: «Өтегелді Мұсабайға айтып, Әбіштің ірі скрипкашы екенін де білдірді. Жақындағы Шұбардың аулына кісі жіберіп, соның скрипкасын алғызуды мәслихат етті» [5. 145], – деп скрипканы Шұбардың үйінен алдыруының өзі жай ғана кездейсоқтық емес, автордың ойдағысын шебер тұспалдауы, мегзеуі десек жаңылыспаймыз.  Бір бұлар ғана емес, осы сынды естелік пен романда ұқсас сипаттар жиі кездесіп тұрады.

         Десекте, эпопеядағы Шұбардың бойында жағымсыз қасиеттер басым. Бай баласы, Құнанбай жанында өскен немересі Шұбарды пендешілікке жақын, ескішіл  етуі де сол заман сараптамасы бойынша заңды. Кедей баласы, жетім өскен Дәрмен тұрғанда Шұбарды оза шаптыру, артық ету кеселі мол шешім болары айқын еді. Осы себепті қос кейіпкер арқылы автор Шәкәрімнің толық бейнесін жасайды.

Шығармада Шұбар аузынан шығатын сөздерге автор жіті мән береді. Қанша сыңаржақ, кертартпа ой болып көрсетілгенмен, бүгінгі көзбен қарағанда Шұбар сөздерінде діңгегі бекем ақиқат, ұлтқа үндеу жатыр. Астарлы ой, жанашыр үндеу бір емес, бірнеше жерде көрініс табады. Оның өзін өзге емес дәл Шұбардың аузына салғандағы Әуезовтің ой ұшқырлығы шынымен де таңданарлық. Шұбар автордың қатерге бас тіккен образы ғана емес, ұтымды, сәтті шыққан образ десек те болады. Қанша ескіліктің сарқыншағы ретінде көрсетуге салмақ салған ақиқат, шындықты діншіл, ескішіл Шұбар айтпай кім айтады? « - Ашумен айтамын, бататыны рас. Бүгін елдің әруақты биін, ертең қадірлі хан-сұлтанын масқаралап, олардан жұртты бір бездірсек, ертең солай дінінен, исламият жолынан аздырсақ, соның бәрін «орыс-орыс», «қыбла орыста», «жақсылық орыста» деп істесек қайда барамыз осы! Бүгінгі халықты, ертеңгі нәсілді қайда, қайда апарамыз? Осы ауыл өзі кім боп барады? Қайда тартып барады?! - деді. Бұл айтқаны көптен ішін кернеп, уыттанып жүрген үлкен түйіні тәрізді» [5. 246], – деген Шұбар сөзіндегі көптен ішін кернеп, уыттанып жүрген үлкен түйіні тек Шұбарда ғана ма еді? Орыстан, саясатынан түңілген Шәкәрімде мұндай уытты түйін жоқ па еді? Жаңашылдық деп енгізген жаңа өмірден бірлі-екілі жапырақтың жасылын көрсеткенсіп, астыртын түп-тамырымызға балта шауып жатқан Кеңестің сайқал саясатын автор Шұбардың осы сөздері арқылы сынап отыр. Дінін, тарихын ұмыттыруға бағытталған айла-шарғылар да романда ашық көрсетіледі. Абайды дос тұтып, ақыл-кеңес беретін миссионер Михайлов, Павлов сөздерінде де қазақтың тасын өрге домалататын жанашыр кеңес емес, қырылуға, жойылуға үндеген кесапатты сөздер жатыр. Бірқатар ойларында көтерілісті мегзеген миссиоерлер қазақтың қарусыз, Патшалық алдында қауқарсыз екенін білмеуі әсте шындыққа жанаспайды. Қарулы әскер мен қарусыз халықты күрестіріп, аяусыз қырып, жерін оңай басып алуды көздеген сол кездегі саясат бүгін де жасырын емес.

Бүгінгі күн Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясына жаңаша көзқарас керек. Кеңестің шайнап берген тұжырымын ысырып қойып, дінімізге қайта оралып, жүрегімізге Хақ нұры тұрақтаған тұста Әуезовтің шығармадағы замананың уытын, автордың айта алмай, мегзеген ақиқатын  азат, тәуелсіз санамен түйсініп, көкірекпен сезетін күн жетті. Ол бодандықтан ада сана мен Хаққа, ақиқатқа ынталы жүрек иелерінің алдағы мәселесі болар деген сенімдемін.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. С.Мұқанов «Әдебиет және искусство», 1951, № 7.

2. Шәкәрімтану мәселелері. Сериялық ғылыми жинақ, 6-том. – Алматы: Раритет, 2008.

3. Тұрсын Жұртбай «Құнанбай» - Алматы: Алаш, 2004.

4. Мұхтар Әуезов «Абай жолы», 2-том – Алматы: Жеті жарғы, 1997.

5. Мұхтар Әуезов «Абай жолы», 3-том – Алматы: Жеті жарғы, 1997.

6. Шәкәрімтану мәселелері: Сериялық ғылыми жинақ, 1-том/ «Атамекен» сериясы. – Алматы: Раритет, 2007.

 

Мейрамгүл ҚашқымбекМейрамгүл Қашқымбек
10 лет назад 9130
0 комментариев
О блоге